Қазақстан • 26 Қазан, 2017

 Отандық телеарналардағы кейбір тың жобалардың  халыққа берері көп

679 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

  Сіз не көріп жүрсіз оқырман?

 Отандық телеарналардағы кейбір тың жобалардың  халыққа берері көп

Телеарна жасты да кәріні де өзіне баурап алатын қуатты құрал. Онда көрсетілетін шағын жарнамадан бастап үлкен жобаларға дейін халыққа берері көп сапалы дүние болғаны абзал. «Отандық телеарналарда іліп аларлық бағдарламалар саусақпен санарлық» деген тұрпаттағы сын-пікірлер соңғы уақыттары қоғамда жиі айтылып қалып жүр. Дегенмен, көрермен көңілін  көкжиекке көтеретін  тың жобалардың  да бар екендігін жоққа шығаруға болмас.

Бұл «Қазақстан ұлттық арнасы» арқылы көрерменге жол тартқан «Қызық екен» бағдарламасының бірер санын  көргеннен кейінгі алған әсерімізден туған ой. Қатып қалған қасаң қағида, қайталана беретін қарабайыр қалып халықты  жалықтырғалы қашан. Ал «Қызық екенді» көргенде қызықтың ішіне қалай кіріп кеткеніңізді білмей қаласыз. Таным-көкжиегіңізді көтеретін түрлі викториналық сұрақтар ой орманның арасына алып кеткенде «еее расында солай екен ғой» деп таңырқайсыз. Әлемнің әр түкпірінде болып жатқан түрлі қызықтарға саяхат жасап,  санаңызға мүлде кіріп шықпаған тың ақпаратқа қанығасыз. Бағдарламаның біз байқаған басты ерекшелігі – бір қалыппен шектеліп қалмай көрерменді сан қырынан тарта білуінде. Білім қоржыныңызды молайтатын мол ақпарат, ойлау қабілетіңізді арттыратын логикалық сауалдар, әдемі астарлы әзіл, шығармашылық еркіндік, халыққа танымал тұлғалардың ой-өресін көрсетіп жаңа қырынан ашу сынды бірнеше бағыт бір бағдарламаның өне бойынан табылады. Ең бастысы барлық жастағы көрерменнің  талғамына сай. Жобаның табиғатынан кейбір шоу-бағдарламалардағыдай шектен тыс  ұсақтық, арзан сөз, әжуа әңгіме әрінін көрмейсіз. Отандық телекеңістікте көптеген  туындыларымен танылған Серік Ақышев жетекшілік ететін жобаны танымал тележүргізуші Рахман Омар жүргізеді. Бағдарлама желісі, жүргізушінің сөз саптауы, студия қонақтарымен тығыз байланыс бәрі әдемі үйлесім тапқан. «Ғалам ғажайыптары», «Сен білесің бе», «Қазақ спорты», «Тұлға», «Зерттеу» сияқты әр шығарылым сайын ауысып отыратын айдарлар көптеген тарихи деректерден, қызықты жаңалықтардан сыр шертеді.

Тек, үлкен-кішіні тегіс баурап алатын халыққа пайдасы мол танымдық жоба жұрттың бәрі жұмыстан қайтып отбасы мүшелері экран алдына түгел жиналатын кешкі уақытта көрсетілсе деген ой мазалайды. Өйткені, түске дейінгі уақытта зейнеткерлер мен түскі ауысымда оқитын оқушылар болмаса, телеарнаның негізгі аудиториясы  саналатын көпшілік халық жұмыста болады. Бұл біздің емес, әлеуметтік желіде бағдарламаға байланысты пікір білдірген көрермендердің арман-тілегі. Көп білу адамзат үшін ең асыл қазына десек аталған жобаның негізгі мақсаты «Тал бесіктен, жер бесікке дейін білім ал» дегенді үндейтіндей. Себебі, дүниеде біз білмейтін қызықтар мен құпиялар өте көп. Білуге құмартқан жас өрендерді жалықтырып алмай әр қызықты ақпаратты заманға сай икемдеп жеңіл әрі әсерлі  жеткізетін «Қызық екен» сияқты жаңаша тұрпаттағы танымдық дүниелер көп болса екен дейсің.  Сіз не көріп жүрсіз оқырман?

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ